Қазіргі уақытта ер адамды осындай қадамға ненің итермелегені анықталуда
Өскемен қаласында полиция қызметкерлері суицидтің алдын алды. Бұл туралы Өскемен қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, 24 ақпан күні сағат 21.35 шамасында Назарбаев даңғылын патрульдеп жүрген полиция қызметкерлеріне ер адам жүгінген. Ол тұрғын үйдің ауласында белгісіз біреудің өз-өзіне қол жұмсау үшін тамағына пышақ тақап тұрғанын жеткізді.
«Тәртіп сақшылары шұғыл түрде сол жерге келіп жетіп, қолында пышағы бар 30 жастағы еркекті көрді. Ол суицид жасайын деп тұрған. Полицейлер ер адамды әңгімеге тартуға тырысты. Сол уақытта ШҚО ТЖД-ның психологы Светлана Андрусенко көмекке келіп, жігітті сөзге айналдырды. Ыңғайлы сәт туғанда полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, тұрғынның қолындағы пышақты алып алған», – дейді басқарма бастығы Андрей Мула.
Қазіргі уақытта ер адамды осындай қадамға ненің итермелегені анықталуда.
Онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.