Полицейлер 235 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады
Полиция қызметкерлері «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында 133 автобустың техникалық сәйкестігін тексерді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандандырылған айыппұл тұрағына 16 автобус орналастырылды, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Полицейлер автобус пен такси жүргізушілері арасында 235 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Мысалы, маршруттарға мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген 33 автобус шықты. Салонда жолаушылардың болғанына қарамастан қоғамдық көліктің 53 жүргізушісі маневр жасау ережелерін бұзды», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғалым Сарғұлов.
Анықталған бұзушылықтар үшін автопарктердің 9 лауазымды тұлғасына қатысты ҚР ӘҚБтК 617-бабы бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.
23 ақпан күні Павлодар қаласының полицейлері Нұрмағамбетов – Сүлейменов көшесіндегі «Форд» көлік құралын тоқтатты. Ол Павлодар – Алғабас бағыты бойынша қайта жабдықталған көлік құралымен жүрген. Ал Шарбақты ауылында жүк тасымалдау ережелерін бұзған «ГАЗ» жүргізушісі ұсталды. «Газель» маршруттық таксиінің жүргізушісі техникалық тексеруден өтпей жұмысқа шыққан. Ақтоғай ауылында міндетті сақтандырусыз «ГАЗ-322132-224» маркалы автобусты жүргізген жүргізуші ұсталды. Ақсу қаласында «Тойота Марк-2» жүргізушісі «Такси» жеке тасымалдаумен заңсыз айналысқан.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 21 ақпан мен 2 наурыз аралығында өңірде «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі.