Геосаяси жағдайдың шиеленісуі ЕАЭО экономикасын тежейді − Әлихан Смайылов

Автор: Еркежан Айтказина

Нұр-Сұлтанда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр

Геосаяси жағдайдың шиеленісуі және инфляцияның тоқтаусыз өсуі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің дамуын тежейді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Еуразиялық экономикалық одақтың ЖІӨ-і 4,5 пайызды құрайды. Биыл сарапшылар әлемдік экономиканың өсімі тежеледі деген болжам жасауда. ЖІӨ 3,1 пайыз межесінде болады деген болжам бар. Геосаяси жағдайдың шиеленісуі және инфляцияның тоқтаусыз өсуі соққы болып отыр. Тәжірибе көрсеткендей, біз ынтымақтастықта барылық мәселені шеше аламыз. Оған дәлел былтыр өзара тауар айналымы 18 пайызға, сыртқы тауар айналымы 15 пайызға артты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының өсімі 15,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш екі елдің әлеуетін толығымен көрсетіп отырған жоқ, өзара сауданың тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігер жұмсау қажет», - дейді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Ол одақ аясындағы бірқатар проблемаға тоқталып өтті. Оның айтуынша, 10 жыл көлемінде алкоголь өнімдеріне нарықта бірдей қолжетімділік жоқ.

«Кейбір жағдайларда мойындау керек кедергілерді жою бойынша жұмыс ресми сипат алады. Егер біз ашықтық жасауға қызығушылық танытсақ ЕАЭО-дағы нарық үшін біз шешім қабылдауымыз керек», - дейді ол.

Айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр. Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей үкіметінің басшылары қатысуда.