«Балалар жылы»: елімізде «Мың бала» олимпиадасына тіркеу басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Екі жыл ішінде Олимпиадаға 445 мыңнан астам оқушы қатысты

19 ақпаннан бастап ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасына қатысушыларды тіркеу басталды, тіркеу 20 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олимпиадаға 1000bala.elbasyacademy.kz сайтында тіркелу арқылы қатысуға болады. Қатысушыларға қойылатын талап – олар 5 немесе 6-сынып оқушысы болу және соңғы екі оқу жылында Қазақстанның ауылдық мектептерінде оқу.

Ұйымдастырушы – «Елбасы академиясы» КҚ айтуынша «Мың бала» олимпиадасының форматы екі кезеңнен тұрады, бірінші кезең 4 сәуірде басталады. Осы кезеңде қатысушылар логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауға бағытталған тапсырмалар орындайды. Тестілеу онлайн-форматта өтеді. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алады.

Екінші кезең өңірлік орталықтардың аумағында күндізгі нысанда өтеді, онда қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілі (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін оқушылар үшін), орыс тілі (оқыту орыс тілінде жүргізілетін оқушылар үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша білімді бағалауға бағытталған компьютерлік тестілеуден өтеді.

«Елбасы академиясы» КҚ директоры Асланбек Әмрин айтқандай, «Мың бала» олимпиадасының мақсаты – ауылдық жерлердегі оқушылардың қабілетін дамыту үшін тең жағдай жасау.

«Екі жыл ішінде Олимпиадаға 445 мыңнан астам оқушы қатысты, 638 жеңімпаз еліміздің үздік мектептерінде білім алып жатыр, 6 мыңнан астам финалист онлайн-мектепте оқиды. Биылғы олимпиада үлкен маңызға ие болып отыр. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды балалар жылы деп жариялады. Осының арқасында біздің жобамыз ары қарай дамып, кеңею үшін одан да үлкен серпін алады деп үміттенеміз», - деді Асланбек Әмрин. 

«Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары – ауылдық жерлердегі 5 және 6-сыныптардың 1000 оқушысы дарынды балаларға арналған еліміздің жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Ал Олимпиаданың бес мың финалисі Елбасы Академиясының Вirge oqý онлайн-мектебінде тегін оқуды пайдалануға құқылы.

Олимпиаданы «Елбасы академиясы» КҚ Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлескен серіктестікте өткізеді.