Қостанайда жыл бойы жұмыс істейтін мұз айдыны ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Спорт сарайы кейінірек мемлекет меншігіне беріледі

Қостанайда Мұз сарайының салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ашылу салтанатына Қазақстан хоккей лигасының басқарушы директоры Андрей Сачук, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, екі дүркін Олимпиада чемпионы, бірнеше дүркін әлем және Еуропа чемпионы, шайбалы хоккейден КСРО чемпионы Сергей Макаров, Еуропалық хоккей лигасының (EHL) Бас хатшысы, шайбалы хоккейден ірі халықаралық іс-шаралардың ұйымдастырушысы Александр Третьяк және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

«Мұз сарайының құрылыс алаңы 8 мың шаршы метрден асады, ол 2500 көрерменге есептелген. Қазіргі заманға сай мұз айдыны көпфункционалды, мұнда қысқы спорт түрлері бойынша жаттығулар, сондай-ақ түрлі жарыстар өткізуге болады», - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Айта кету керек, жаңа сарай мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында салынып, жыл бойы жұмыс істейтін болады. Мұнда қысқы спорт түрлері бойынша және жекпе-жек жарыстарын да өткізуге болады. Мұз сарайының бәр ерекшілігі – мұнда температураны өзгертіп, мұзды санаулы сағатта төсеуге болады.

Сарай алдағы алты жылда сенімді басқаруда болады, кейінірек ол мемлекет меншігіне беріледі.