Ертең Қазақстанда утилизациялық алымның мөлшері жарияланады

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Елімізде жеңіл көліктерге арналған утилизациялық алым 2016 жылы енгізілген болатын      

Фото: ашық дереккөзден

Үкімет утилизациялық алымның жаңа ставкалары қанша теңге болатынын анықтады. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

«Ертең автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникаларына утилизациялық алым ставкалары жарияланады», - деді министр үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметтің кеңейтілген отырысында автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасынан алынатын утилизациялық алым ставкасын төмендету көзделіп отырғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, премьер қоршаған ортаны ластайтын заттарды төмендетуге, қалдықтар мен су ресурстарын басқару жүйесін, жетілдіру, көлдерді қалпына келтіруге бағытталған шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Еске салсақ, Қазақстанда жеңіл көліктерге арналған утилизациялық алым 2016 жылы енгізілген болатын. Ал 2019 жылы ауыл шаруашылығы техникасына қолданыла бастады. «Оператор «РОП-тың» бес жылдық жұмысы нәтижесінде 579 миллиард теңгенің утилизациялық алымы төленді.