ҚР СІМ: Қазақстан Елшісі Словенияның Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Автор: Azattyq Rýhy

Б.Пахор жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық танытты

Президент сарайында Қазақстанның Аустриядағы Елшісі және Словениядағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Қайрат Омаров Словения Президенті Борут Пахорға сенім грамоталарын тапсырды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Салтанатты рәсімнен кейін өткен екіжақты кездесу барысында Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Словения Президентіне жолдаған жылы лебіздерін жеткізіп, биыл екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 30 жылдығының маңыздылығын атап, Қазақстанның Словениямен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен мән беретінін хабарлады.

«Елші сұхбаттасын Қазақстандағы ахуалмен және Мемлекет басшысының жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларымен таныстырды.

Өз кезегінде, Б.Пахор жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық танытып, Словения Қазақстанды сенімді әріптесі ретінде қарастыратынын және Люблянаның тығыз ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін атап өтті.

Кездесу соңында  Словения Президенті екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ісіне табыс тілеп, Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаевқа жылы тілектерін жолдады», - делінген ведомство хабарламасында.