Елорда тұрғындарының 67 пайыздан астамы екпе алды – денсаулық сақтау басқармасы

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада аурудың өсуін тежейтін белгілі бір иммундық күш қалыптасты

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды жаппай вакцинациялау және ревакцинациялау эпидемиологиялық жағдай бойынша елорданың «жасыл аймаққа» көшуіне ықпал еткенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басқарма басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, қалада аурудың өсуін тежейтін белгілі бір иммундық күш қалыптасқан.

«Жыл басында қаламызда «Омикрон» штамы пайда болған сәтте инфекцияның күрт таралғанына тап болдық. Төсек орындары өткен жаздағыдай лезде толды. Қала тұрғындары шұғыл түрде вакцинациядан/ревакцинациядан өту қажеттілігі туралы үндеуге бей-жай қараған жоқ. Олар өз денсаулығына мұқият бола бастады. Міне, осындай үлкен жұмыстың нәтижесінде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Вакцина оң әсерін тигізді және тиімділігін көрсетті», - деп атап өтті Т.Мұратов.

Қазір қала бойынша бірінші компонентпен 508 мыңнан астам адам вакцинацияланды, иммундаудың толық курсынан 67,1%-ы өтті, бұл – 478 мыңға жуық қала тұрғыны. Елордада 86 мыңға жуық азамат қайта вакцинацияланды.

Басқарма басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің Pfizer-ді тегін алатындардың тізімін қайта қарауы қала тұрғындарының екпе алуға деген ынтасын едәуір арттырғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы тізімнен бөлек, америкалық препаратпен вакцинациялауға бірінші және екінші топтағы мүгедектер, шетелде бірінші компонентті алған адамдар, сондай-ақ осы санатқа 18 жасқа дейінгі шетелдік студенттер жіберіледі. Pfizer-мен қайта вакцинациялауға 50 жастан асқандар мен бірінші және екінші топтағы мүгедектер де қатыса алады. Олардың барлығы тіркелген жері бойынша емханаларда екпе ала алады. Pfizer арқылы вакцинация мен ревакцинация сауда үйлері мен т.б. екпе пункттерінде жүргізілмейді.