Осыған байланысты бейбіт халықты Ресей аумағына эвакуациялау туралы шешім қабылданған
Украинаның шығысында жағдай қайта шиеленісті. Түнде Донецк қаласының орталығында көлік жарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасай отырып.
Оқыс оқиға өзін-өзі жариялаған Донецк халықтық республикасының үкімет үйінен бірнеше шақырым жерде болған.
Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, көлік танылмаған республика милициясы басшысына тиесілі болған. Оқиға кезінде жаппа шеккендер жоқ. Осы жарылыстан кейін Луганск аумағында 2 жарылыс болды. Мәліметке қарағанда, 2 газ құбыры маңында орын алған. Төтенше жағдай қызметі оның салдарын тез жойып, инфрақұрылым зақымданбаған. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, ештеңе көрінбей кетті. Тек қатты дүмпудің дыбысы ғана естіліпті.
Ахуалдың ушығуына байланысты танылмаған Донецк халықтық республикасы мен Луганск халықтық республикасы басшылығы Украина күштерінің аймақтарды атқылауы күшейіп, Донбассқа шабуыл жасағалы жатқанын мәлімдеді. Осыған байланысты бейбіт халықты Ресей аумағына эвакуациялау туралы шешім қабылданған. Жергілікті биліктің айтуынша, ең алдымен әйелдер мен балалар және қарттар шығарылады. Қазірге дейін Ресейге қарай 3 мың 400 ден астам тұрғын эвакуацияланған.
«Уақытша эвакуация сіздердің өмірлеріңізді сақтап қалуға көмектеседі. Ресей Федерациясымен келісімге сай Ростов облысында эвакуацияланған азаматтарды қабылдайтын орындар дайын тұр. Көшірілген адамдар барлық қажетті заттармен қаматамасыз етіледі», - деді танылмаған Донецк халықтық республикасының басшысы Денис Пушилин.
Ал ресми Киев Украина Донецк пен Луганскқа шабуыл жасағалы жатыр деген ақпаратты өтірік деп мәлімдеді. Керісінше, Ресей Украинаға басып кіру үшін арандатушылыққа баруы мүмкін деп отыр.
«Украина әскері Луганск пен Донецкке шабуыл жасағалы жатыр деген желеумен осы облыстардан тұрғындарды эвакуациялау туралы мәлімдеме жасалды. Бірақ бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат», - деді Украинаның қауіпсіздік кеңесі мен қорғанысының хатшысы Алексей Данилов.