Елімізде көктемгі су тасқыны 1010 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін – ТЖМ

Автор: Azattyq Rýhy

Онда 800 мыңға жуық адам тұрады

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде көктемгі су тасқыны 1010 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Орталық коммуникациялар қызметінде «Су тасқыны кезеңіне дайындық» тақырыбында брифинг өтті. 

Көктемгі су тасқыны кезеңінде Төтенше жағдайлар министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша іс-шаралар кешенін жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала берген болжамды деректері бойынша Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзен бассейндеріндегі ылғал мен еліміздегі жалпы қар қоры орташа көп жылдық деңгейден төмен.

Соңғы бес жылда су тасқынынан еліміздің он өңіріндегі 165 елді мекен зардап шекті. (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, ШҚО, СҚО, Павлодар, Жамбыл және Алматы қ.).

Көктемгі су тасқынына аса бейім 1010 елді мекен анықталды, онда 800 мыңға жуық адам тұрады.

Өткен жылы су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы аясында  37 іс-шараны іске асыру аяқталды. Бұдан басқа су тасқынына қарсы іс-шаралар аумақтарды дамытудың кешенді жоспарлары және облыстық су тасқынына қарсы жоспарлар шеңберінде іске асырылуда. 2021 жылы аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде (2021-2025 жылдарға) 8 іс-шара, ал 2022 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша 14 облыстық жұмыс жоспарлары шеңберінде су тасқыны қаупі бар елді мекендерді су тасқынына қарсы қорғауды көздейтін 140 іс-шара іске асырылды.

Сондай-ақ Жол картасының іс-шараларын орындау 340 елді мекенді су басу қаупін толығымен жоюға және 385 елді мекенді азайтуға мүмкіндік берді. Бұдан өзге ауа-райына байланысты 286 елді мекенді су басу қаупі сақталуда.

ТЖМ аумақтық органдарында ТЖ қаупі немесе туындауы кезінде халықты ақпараттандыру және хабардар ету үшін тартылатын мобильді құлақтандыру кешендері бар. Бүгінгі таңда ТЖМ Дағдарыс орталығында елдің құлақтандыру жүйесін басқарудың республикалық пульті енгізілді, оған 9 өңірдің аумақтық құлақтандыру жүйелерін басқару пульттері интеграцияланған (Шымкент, Ақмола, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстары), бұл көрсетілген өңірлерде дыбыстық сигналдар беруді және тілдік хабарламаларды сиреналық-сөйлеу құрылғыларына трансляциялауды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ел халқын құлақтандыру үшін 3 130 электр дабыл бар.

Биыл наурыз айында «Көктем-2021» республикалық оқу-жаттығуы өткізіледі.  Оның басқару штабы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында. Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтері қар шығару, өзен арналары мен каналдарды тазалау бойынша алдын ала практикалық іс-шаралар кешенін орындайтын болады.

Жалпы ТЖМ күштері мен құралдары көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларға дайын. Су тасқыны жағдайының ықтимал күрделенуіне ден қою үшін авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобы құрылды. Бұл 10 мыңнан астам қызметкер мен 1700-ден астам бірлік техника. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар құрамында 52 мыңнан астам адам, 11,5 мың бірлік техника, 544 жүзу және 2 мың су айдайтын құралдар бар азаматтық қорғаудың аумақтық қызметтерінің күштері мен құралдарының есебін дайындады. Өңірлерде ТЖМ бөлімшелері 1,4 мың бірлік өрт-құтқару техникасы мен жабдықтары дайын. Күштер мен құралдарды ауыстыру және зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау үшін кезекшілік режимінде «Қазавиақұтқару» АҚ 20 әуе кемесі бар. Сондай-ақ М. Ғабдуллин атындағы Академияның 51 адам және 3 бірлік техника тұратын құрама жасағы жасақталған.

Алайда, азаматтарға су тасқынына дайындық кезеңінде алдын ала шаралар қабылдау қажет:

  •  ТЖД және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің ұсынымдарын сақтаңыздар;
  •  аула аумағындағы қарды тазалау жұмыстарын уақтылы жүргізіңіздер;
  •  үйлерге жақын орналасқан арықтар мен су өткізу құбырларын ластамаңыздар, оларды уақтылы тазалаңыздар;
  •  үй маңындағы аумақты үйіп бекіту үшін инертті материал мен қапты дайындаңыздар;
  •  жергілікті атқарушы органдардан эвакуациялау пункттерінің алдын ала белгіленген орындарын және эвакуациялау бағытын нақтылаңыздар;
  •  балаларды су айдындарына, әсіресе сең жүру кезінде қадағалаусыз жібермеңіздер, оларға су айдындарындағы мұздың жібуі кезінде, тік және шайылған жағалауларға бару қаупті екенін ескертіңіздер.