Павлодарда полицейлер боранға тап болған 100-ге жуық көлікке жаяу жүріп жол көрсетті
Өңірде бірнеше күн бойы дауылды ескерту жарияланды
Қар құрсауына тап болған ауыр жүк көліктері мен жеңіл автокөліктерінің жүргізушілері қозғалысты жалғастыра алмаған соң кептеліс пайда болды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Еске сала кетейік, өңірде бірнеше күн бойы дауылды ескерту жарияланып, республикалық тас жолдар барлық көлік түрлері үшін жабылды. Алайда ескертуді елеместен жолға шыққан бірқатар жүргізуші жолда қалып қойды. Оларға тәртіп сақшылары мен құтқарушылар келіп жетті.
Омбы қаласының тұрғыны Данияр Сағындықовтың айтуынша, 15 ақпанда Павлодар – Нұр-Сұлтан тасжолында Төрт-Құдық кентінің маңында жүз шақты ауыр жүк көлігі мен жеңіл көліктер колоннасы жиналып қалған.
«Алай-дүлей боран соғып, айналада түк көрінбей кетті. Дәл алдымызда не болып жатқаны көрінбеді. Бір сәтте барлығы тұрып қалды, себебі алға жылжу мүмкін емес еді», – деді Данияр Сағындықов.
Табиғаттың тосын мінезіне тап болған жүргізушілерге көмекке павлодарлық полицейлер – Қуандық Рахметов пен Біржан Нажимов келді. Олар бес көлікті қар құрсауынан қазып алып шығуға көмектесті, трос пайдаланып, көліктерді шығарды.
«Содан кейін біреуі бүкіл бағанның алдында жүрді, ал екіншісі жарықты қосты. Олар көру аймағы пайда болғанға дейін осылай жүрді. Полиция қызметкерлері қар құрсауына тап болған жүргізушілерге көмектесіп, жол көрсетті», – дейді көлік иесі Вячеслав Васильевич.