Із-түзсіз жоғалғандар қатарында 35 адам бар
Бразилияның Рио-де-Жанейро штатындағы Петрополис қаласында толассыз жаңбыр жауып, соңы селге ұласты. Салдарынан 104 адам қаза болды, олардың арасында 8 бала бар. Бұл туралы Azattyq Rýhy РИА агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бастапқыда 94 адамның қаза болғаны хабарланған. Сол сияқты аймақтағы 50-ден астам үйдің күл-талқаны шыққаны белгілі болды.
Құтқару қызметі 24 адам құтқарылғанын хабарлайды. Алайда із-түзсіз жоғалғандар қатарында 35 адам бар.
Толассыз жауған жаңбыр селдің жүруіне алып келді. Алты сағаттың ішінде бір шаршы метрге 260 литр жауын жауғаны хабарланды. Бұл Бразилияның аталмыш аймағында жауатын әдеттегі мөлшерден әлдеқайда көп. Рио-де-Жанейро штатының губернаторы Клаудиу Каштрудың айтуынша мұндай жаңбыр 1932 жылдан бері жаумаған.