Егер 1 млн шағын бизнестің өкілдері 1 АЕК жарна төлесе, 3 млрд теңгеге жуық қаражат жиналады
Өңдеу өнеркәсібі одағының басшысы Әділбек Бектібаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау жөніндегі жұмыс тобының отырысында осындай ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сөз басында ол шағын және орта бизнес дамуы керектігін айтқанмен, оларды «Атамекен» ҰКК асырмауы керектігін қозғап өтті.
«Егер бәрі палатаның мүшесі болып қалса, шағын бизнес өкілдері үшін 1 АЕК көлемінде жарна төлеу қиын болмайды деп ойлаймын. Асырауында (палатаның) болмауы керек. Адамдар жақсы жалақы алуы шарт. Егер 1 млн шағын бизнестің өкілдері 1 АЕК жарна төлесе, 3 млрд теңгеге жуық қаражат жиналады. Бұл ақшаға көптеген адамды өз қызығушылығы бойынша жұмысқа алуға болады. Бірақ адамдар өмір бойы тегін жұмыс істей алмайды. Егер мүшелік жарнаны бәрі дерлік төлесе, ставка мөлшерін шешу ғана қалады», - дейді Әділбек Бектібаев.
Ол сөзін жалғай отырып, бәрі дерлік жарнаны толық төлемесе де белгілі бір бөлігін төлеуі тиіс екенін айтып өтті.
Дегенмен «Атамекен» ҰКП-ның негізгі ұстанымы бойынша жарна төлеу мәселесі тек табыс көзі ірі кәсіпкерлерге ғана жүктеледі. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осыны айтып өтті.
«Қазақстандағы 1,3 млн-нан астам кәсіпкердің 2 пайызы ғана, яғни 20 мыңнан астамы заңға сәйкес жарна төлеуге мәжбүр. Әлбетте, бұлардың бәрі – ірі бизнес субъектілері. Жарна мөлшері заңға сәйкес ұлттық палатаның құрылтайында бекітіледі. Соңғы үш жылдағы жағдайға назар аударсақ, жылдық қаржы айналымы 170 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана жарна төлеуге міндеттелген. Бұл санатқа жататындар көп емес. Онда да «жарнаны неге төлемедің» деп қысым жасалмайды. Салық инспекторлары қадағаламайды. Бұл жұмыс жергілікті орындардағы «Атамекеннің» мамандарының хабарласуы, еске салуы арқылы жүргізіледі», - деді Абылай Мырзахметов.