Депутаттар мал шаруашылығын дамыту қажет дейді
Елімізде ауыл тұрғындарының табыс деңгейін көтеру қажет. Қаламен салыстырғанда ауыл тұрғындарының табыс деңгейі айтарлықтай төмен. Бұл туралы «Ақ жол» фракциясының депутаттары сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ауылдан шығып, оқуға түсе алмаған жастар амал жоқ, қала шетіндегі пәтерлерді жағалайды. Соның салдарынан, қалада қазір екі мамандық басым. Ол – таксист және күзетші-оққағар. Тепсе темір үзетін ауыл жастары қолында дипломы болмаған соң, күзетші-оққағар болып, 50-60 мыңға – 1 күн жұмыс істеп, 2 күн демалып, бос уақытында спортзал мен сыраханаларды жағалап күнін өткізеді», − делінген депутаттық сауалда.
Оның айтуынша, ауылдағы ең қолайлы сала – мал шаруашылығы. Қазақстанның ұлан-ғайыр даласы, мал бағуға жарамды жайылымдары – мал шаруашылығы саласын дамытудағы біздің артықшылығымыз.
«Малды жайылымда бағу қызыл ет өндірісінің өзіндік бағасын төмендетеді. Осылайша, қазақстандық өнім әлем нарықтарында бәсекеге қабілетті бола алады. Жайылымды жердің ауданы бойынша біз әлемде бесінші орында тұрмыз (186 млн гектар жер, ҚР-дағы ауыл шаруашылық – жердің 85%-ы). Ол Қазақстанға отарлы мал шаруашылығын дамыту үшін орасан зор мүмкіншілік береді. Әлемде қызыл етті тұтыну деңгейі күн санап артып, баға өсіп келеді. Ең ірі импорттаушы елдер – іргелес жатқан көршілеріміз Қытай мен Ресей. Ал Орта Азия елдері, Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркия қой етін көптеп тұтынады. Осылайша, қазақстандық қызыл етті өткізуге арналған ірі нарықтар бар. Әлемдік нарықтарға шығу үшін Қазақстанға ең кемі 100 мың фермерлік шаруашылық қажет. Демек, қолдағы барымызға қоса тағы ең кемі 80 мың бизнес иесі қажет етіледі», − дейді «Ақ жол» фракциясының депутаттары.
Оның сөзінше, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда, субсидия қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатындай өзгеріс болмады.
«Негізінде субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсіп кетеді. Мысалы 2 триллион теңге қаражаттың үштен бір бөлігі сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға бөлінген. Оны АӨК-ке қосады. Бұл банктердің схемасы – ауыл шаруашылықтың субсидиясына жатпайды. Мемлекет банктерге 1,5-2 пайызбен сауықтыру бағдарламасына миллиардтаған қайтарымсыз қаражат бөлгені белгілі. Ал ауылға келген кезде 17 пайызбен несие беріп, 70 пайызын банктің схемасымен төлеп, оны субидия деп атап қояды. Мысалы, ауыл шаруашылығына жылына 350 млрд теңгеге дейін субсидия бөлінеді. Бұл – нарықта бір деңгейде тұрған Беларусь пен Ресейден 6-8 есе төмен. Осы субсидия 83 000 субъектіге бөлінеді. Сонда әрқайсысы қанша алады деп ойлайсыздар?!» − делінген депутаттық сауалда.
Мемлекеттің ақшасын банктерге арзанға беріп, олардан қымбатқа алып, оған тағы субсидия беріледі. Мұның барлығы қазынадан ақша ұрлауға жасалған схемалар екені де айтылды.