Тәжірибесі мол дәрігер мен жас маман бірдей айлық алады – депутаттар

Автор: Azattyq Rýhy

Санаттар алынып тасталды және төленбейтін біліктілік деңгейіне ауыстырылды

Фото ашық дереккөзден

«Nur Otan» партиясының жол картасында дәрігерлердің жалақысын 2023 жылға қарай 2,5 есе арттыру көзделген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Десе де, елімізде медицина қызметкерлеріне біліктілік санаты бойынша еңбекақы төлеу күшін жойған. Осыған орай, Мәжілісте «Nur Otan» партиясының депутаттары арыз-шағымдар толассыз түскенін мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда жұмыс өтілі, тәжірибесі мол дәрігерлер, медбикелер біліктілік санаты аяқталғаннан кейін жаңа бастаған мамандармен бірдей жалақы алады. Санаттар алынып тасталды және төленбейтін біліктілік деңгейіне ауыстырылды. Осылайша, жалақыға уәде етілген 30% үстеме бар, бірақ санат үшін қосымша ақы алынып тасталды. Демек, біз бір қолымызбен береміз, екінші қолымызбен аламыз, нәтижесінде медицина қызметкерлерінің жалақысы бірдей деңгейде қалады. Әрине, бұл медициналық қоғамдастық арасында наразылық тудырады және біліктілікті арттыруға, тиімді жұмыс істеуге, кәсіби өсуге деген ынтаны төмендетеді», − делінген депутаттық сауалда.

Депутаттар медициналық қызметкерлердің біліктілік санаттары бойынша жалақыға қосымша төлемдерді қалпына келтіруді ұсынады.