Шымкентте өзін-өзі өлтірген әйелдің үлкен ұлы 5 бауырын өз қамқорлығына алды
Қазір балалар Шымкент қалалық әкімдігі жалға алған пәтерде тұрып жатыр
Марқұм әйелдің ұлы Аслан айтқандай, қазір отбасы Шымкент қалалық әкімдігі жалға алған пәтерде тұрып жатыр. Шенеуніктер оларға келесі айда баспана бөлуге уәде берген. Бүгінде Аслан өзінің 5 іні-қарындасын қамқорлығына алды.
«Біздің кезегіміз қаншалықты алға жылжығанын дөп басып айта алмаймын. Шенеуніктер бізге келесі айда пәтер береміз деп уәде берді, бірақ нақты күнін айтқан жоқ», — дейді Аслан.
Еске салайық, жаңа жыл қарсаңында өз-өзіне қол жұмсаған көп балалы ана баспана кезегінде 81-ші болып тұрған екен.
6 балалы жалғызбасты ана Қошқар ата өзенінің бойындағы ағашқа асылып қайтыс болған еді. Әйелдің мәйіті 28 желтоқсанда таңертең 5:45-те табылған.
Әйел соңғы үш жыл бойы өзеннің саябақ аймағында тазалықшы болып жұмыс істеген. Әріптестерінің сөзіне қарағанда, оны мазалаған жалғыз мәселе — мемлекеттік бағдарлама бойынша алдағы күні алуға болатын пәтер болыпты. Алайда, қайғылы жағдайдан бірнеше күн бұрын, марқұм баспана кезегін кейінге шегергенін айтып ашыныпты. Жалғызбасты ананың артында 6 баласы қалды. 45 мың теңге жалақысының 12 мың теңгесін жалдамалы пәтер үшін төлеп келген екен.
«Бұл азаматша біздің кезегімізде 2012 жылдан бері тұрған. Кезекке ол 3163 болып тұрған, 2018 жылы 1248, ал 2019 жылы кезек 81 -ге жылжыды, яғни ол баспананы жақында алуы керек еді. Қазіргі уақытта заңда көрсетілгендей, кезекті біз балаларына өткіземіз», — деп түсіндірді тұрғын үй инспекциясы.
Шымкент полициясы бұл мәселені ерекше бақылауға алды. Өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күрделенген оқиғаның соңғы нүктесін сот шешеді.
Дереккөз: Оtyrar.kz