Сапасыз қызмет: Алматыда медицина мекемелерінен 194,6 млн теңге кері қайтарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қала тұрғындарына 75 мың рет сапалы қызмет түрін көрсетпеген

Фото ашық дереккөзден

Медициналық сақтандыру қоры 2021 жылы Алматы тұрғындарына көрсетілген тегін медициналық көмек сапасын бақылау жұмыстарының нәтижесін қорытындылады. Оның нәтижесінде медициналық мекемелері сақтандыру қоры арқылы бөлінген қаражатқа сай сапалы қызмет көрсетпегені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Былтырдың өзінде қала тұрғындарына 75 мың рет сапалы қызмет түрін көрсетпеген. Тиімсіз жұмсалған қаржының көлемі 1,8 млрд теңгені құрайды. Қордан қомақты қаражатты ай салын алып отырса да, өз жұмыстарына селсоқ қараған емханалардың басшыларына шара қолданылды. Науқастарды емдемесе де, қордан ақша алу үшін жалған мәліметтер беріп келген. Тексеріс барысында адамдардың медициналық көмекті мүлдем алмағаны анықталған.

«Кемшіліктің басым бөлігіне бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жол берген. Емханалар көрсеткен қызметтен 60 мың кемшілік анықталып, 194,6 млн теңге қайтарып алынды. Сонымен қатар, ақаумен көрсетілген 15 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі.  Олар аталған кемшіліктер үшін 1,6 млрд теңге айыппұл төледі. «Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар», - деді МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

Қор сарапшылары халыққа көрсетілген қызмет сапасын тұрақты бақылап отырады. Көрсетілген қызмет ақысы да жан-жақты тексеруден кейін төленеді. Қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады. Сапасыз және жалған мәліметпен айналысқан медициналық емдеу мекемелеріне жалпы көлемі 1,8 млрд теңге айыппұл салыныпты.