Мәдениет және спорт министрі бұған дейін театрды басқарған Сұрапбаев Азамат Сатыбалдыұлына алғыс білдірді
Алматыға жасаған іс-сапары барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына жаңа директор тағайындады. Бұл туралы министр Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алматы қаласына жасаған іс-сапар барысында Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына бардым. Театрдың жұмысымен танысып, Есеналиев Талғат Қамқабайұлын аталған мәдени нысанның директоры қызметіне тағайындадым»,- деп жазды Дәурен Абаев.
Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі бұған дейін театрдың дамуына айтарлықтай еңбек сіңірген үшін Сұрапбаев Азамат Сатыбалдыұлына алғыс білдіріп, жаңа директор Талғат Қамқабайұлына жауапты қызметте сәттілік тіледі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі таратқан мәліметке сәйкес,Талғат Қамқабайұлы Есеналиев еңбек жолын 1997-2003 жылдары – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас администраторы болып бастаған.
2003-2015 жылдары – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр директорының бірінші орынбасары;
2015-2016 жылдары – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры директорының бірінші орынбасары;
2016 жылдан МКҚК «Мемлекеттік қуыршақ театрының» директоры қызметін атқарған.