Экологтар ауаны ластаған мекемеге қатысты хаттама толтырып, істі сотқа жолдады
Семейдегі орталық жылу қазандығынан шыққан қою түтін қаланың экологиясын ластап жатыр. Мұндай шешімді тексеріс жүргізген экологтар шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шаһарды жылумен қамтамасыз ететін қазандықтың қоршаған ортаға тигізер зияны көп. Тіпті қондырғыларды ауыстырып, сүзгілерді жаңғыртуға қомақты қаржы да бөлінген. Соған қарамастан мұржадан ұшқан қара күйе қалыпты мөлшерінен он есеге көп. Экологтар ауаны ластаған мекемеге қатысты хаттама толтырып, істі сотқа жолдады. Бірақ салынатын айыппұл жылу орталығының басшыларына сабақ болатын емес. Себебі мамандар былтыр да ауаны ластаған жауаптыларды жазалаған болатын.
«Былтырғы жылы біз осы мекемеге ауаның сапасын ластауына байланысты 66 млн теңгеден асатын өтемақы қойған болатынбыз. Оның экологиялық зияны биікте болған соң, оған қосымша айыппұл салғанбыз. Жалпы сомасы 20 млн 156 мың теңгені құрайды», - деді ШҚО бойынша экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.