Нұр-Сұлтанда жалғызбасты әке науқас баласына ота жасата алмай отыр

Автор: Еркежан Айтказина

Ота өткен жылдың желтоқсан айында жасалуы керек болған

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Алексей Доненконы 5 баласымен әйелі тастап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ажырасқан көпбалалы әке, жалғыз өзі кәмелетке толмаған бес баланы тәрбиелеп отыр. 2021 жылдың маусым айында астанаға тұрақты тұруға көшіп келген. Жеке ұйымда электрик болып жұмыс істейді. Өткен жылдың үшінші тоқсанынан бастап бүгінге дейін мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.

Жалғызбасты әкенің 2018 жылы туған баласы мүгедектік бойынша №13 қалалық емханада есепте тұр.

«Мен интернетте пікір қалдырғаннан кейін ғана баламды емханаға қабылдады. Оның өзінде тісін жұлдыру үшін. Кіші баламды ота жасатуға жаза алмай отырмын. Емханадағылар тіркеуге қойып, операцияны желтоқсан айында жасауы керек болған. Бірақ әлі жасалмады. Ауыратын қызым түнімен ұйықтамайды. Ауырғанын басатын дәрімен ғана отырмыз. Оның өзін күнде қолдана берген зиян. Қатты тағамдар жей алмайды. Баспана мәселесі де қиындау болып тұр. Мен түске дейін жұмыстамын. Түстен кейін үлкен қызым сабаққа барады. Қалған балалардың қасында отыру үшін үйге келемін. Мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Сол үлкен көмек. Ал айлығым 60 мың теңгеден сәл ғана асады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласқан Алексей Доненко.

Оның айтуынша, АӘК алу үшін құжаттарды реттеуге халықты жұмыспен қамту орталығы көмектескен. Қарағандыдан Нұр-Сұлтанға көшіп келерде құжаттардың барлығын орталық реттеп беріпті.