Маңғыстау облысында былтыр игерілмеген 303 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Былтыр 445 шаруаға ескерту берілген

Фото ашық дереккөзден

Маңғыстау облысында былтыр игерілмеген 303 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның дені фермерлер ауыл шаруашылығы мақсатында алып, пайдаланбай отырған жерлер, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Былтыр 445 шаруаға ескерту берілген. 2 жыл бұрын бос жатқан алқаптарды анықтау үшін елдегі 4 облысқа ғарыштан мониторинг жасау жобасы іске қосылған еді. Соның нәтижесінде Маңғыстауда 2 миллионнан астам жердің кәдеге аспай жатқаны белгілі болған. Ал кейбір шаруа жердің бос жатқанына қарамастан кері қайтаруға қарсылық білдірген. Себебі өңірде қуаңшылық болып, шөп азайған. Сондықтан шаруалар пайдаланылмаған аумақты мал жаю үшін ұстап отырған көрінеді. Облыстық жер қатынастары басқармасының өкілдері осыны ескеріп, ауыл шаруашылығы министріне ұсыныс жіберген.

«Жалпы ауыл шаруашылығына табысталған 3 млн гектардай жер бар. Қарақия ауданы негізінен көлемді жер қайтарды, Маңғыстау ауданынан 12 шаруашылық 154 мың гектардай жерді қайтарса, Бейнеу ауданында ірі көлемдегі шаруашылық жоқ болғандықтан 45 мың, 10 мың гектар жер қайтарылып жатыр. Жерді 1 жыл ішінде пайдаланбағаны анықталса, әуелі ескерту беріледі», - деді Маңғыстау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов.