Қызылорда облысында биыл жол апатынан 20 адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Ал 48 азамат түрлі дене жарақатын алды

Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысында биыл 34 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 20 адам көз жұмды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыста жол апатының алдын алу мақсатында 9-11 ақпан аралығында «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы өтуде. Мақсат – жол инфрақұрылымына тексеру жүргізіп, көлік жүргізушілерімен профилактикалық жұмыстар атқару.

«Жыл басынан 34 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 20 адам көз жұмды. Ал 48 азамат түрлі дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері - жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы және қысқы мезгілде жол жағдайына аса мән бермеу», - деді облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Марат Рахметов.

Ведомство мәліметінше, облыста жыл басынан бері жол тәртібін бұзған 5 982 жағдай анықталған. Оның 3 мыңға жуығы жол-көлік оқиғасына тікелей байланысты. Атап айтқанда, көлікті мас күйінде жүргізген – 104, жаяу жүргіншіге жол бермеген - 120, жылдамдықты шектен тыс асырған – 2084 дерек тіркелді. Анықталған фактілер бойынша құқықтық шара қолданылуда.