Петропавл полицейлері іздеуде жүрген күдіктіні Нұр-Сұлтан қаласында ұстады

Автор: Azattyq Rýhy

Оған қатысты қылмыстық іс бойынша материал сотқа тапсырылды

Фото ашық дереккөзден

Қала тұрғыны өткен жылдың күзінде жасалған мүліктік қылмысқа қатысы бар деп күдіктелді. Тергеу органының шақыруы бойынша қолында келу туралы міндеттеме бола тұра, ол сот төрелігінен жасырынбақ болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық ПД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ер адамға іздеу жарияланды. Петропавлдық жедел уәкілдер оның Нұр-Сұлтан қаласында жүргенін анықтады. Қызметтік іссапар барысында астаналық әріптестерінің көмегімен іздеудегінің таныстарын, сол сияқты болуы мүмкін жерлерді тексерді. Екі күннің ішінде күдіктінің жүрген жері анықталды. Тәртіп сақшылары оны Петропавлға жеткізді.

Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс бойынша материал сотқа тапсырылды.

«Қылмыскерлерді іздестіру – жұмыстың негізгі бағыттарының бірі. Оның тиімділігі – қылмыстық құқықбұзушылық үшін жазадан бұлтартпау қағидатын іске асыру шарттарының бірі. Жыл басынан СҚО-да 4 қылмыскерге – екеуі пробация бағыты, біреуі бұзақылық және тағы біреуі ұрлық жасағаны үшін іздеу жарияланды. Оның 3-еуі табылды. Сонымен қатар, өткен жылдан іздеудегі 2 қылмыскердің жүрген жері анықталды», – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.