Boeing ұшағының апатқа ұшыраған сәтін видеоға түсірген ирандық ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ер адам Ислам революциясы сақшыларының корпусына жеткізілген

Фото: Aref Fathi/dpa/Global Look Press

Ислам революциясы сақшыларының корпусы (Иран Қорғаныс күштерінің элиталық бөлімшесі) украиналық Boeing ұшағына зымыран тиген сәтті видеоға түсіріп алып, жариялап жіберген ирандықты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

FARS агенттігінің мәліметінше, тергеуге алу үшін ер адамды Сақшылар корпусына жеткізген. 

Украиналық ұшақтың апатқа ұшыраған сәтін түсіріп, Интернетке салған ирандықты тергеу нәтижелері қандай болатыны кейінірек жария етіледі деп уәде берді әскерилер. 

Айта кетерлігі, 14 қаңтар күні Украинаның АҚШ-тағы елшісі Владимир Ельченко Тегеранда атып түсірілген Boeing ұшағы үшін тек ирандық әскерилер ғана емес, олардың Әуе-қорғаныс күштеріне зымыран жеткізуші де жауап беруі тиіс деген мәлімдеме жасады. Яғни, елші Украина апатқа ұшыраған ұшақ үшін Иран жауапкершілігін Ресейдің де бөлісіп алғаны дұрыс дегенді тұспалдады.   

«Біз жауапкершіліктің екі ұшы жайында айтып тұрмыз. Біріншісі – зымыранмен ұшақты атып түсіруге бұйрық бергендер болса, екіншісі – сол зымыранды жеткізушілер болып отыр», – деп атап өтті дипломат украиналық «Прямой» телеарнасының эфирінен.