Ең ластанған елдердің арасында Камерун, Моңғолия және Мьянма елдері көш бастап тұр
Қалалардың ластануы бойынша ең нашар елдер рейтингінде Қазақстан 115 елдің арасында 33-орынға жайғасты. Алайда, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестициялар бір жылда бар-жоғы 4 пайызға өсті. Бұл туралы Azattyq Rýhy Energyprom.kz мониторингтік агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда ластану индексі 73,4 құрады. Индекс неғұрлым жоғары болған сайын жағдай да соғұрлым нашар болады.
Ең ластанған елдердің арасында Камерун, Моңғолия және Мьянма елдері көш бастап тұр. Ал тізімді Финляндия 12,1 индексімен түйіндеп тұр. Бұл ең жақсы көрсеткіш.
Рейтингке қатысатын ТМД елдерінің ішінде Әзербайжандағы жағдай Қазақстаннан да нашарлау, ал Молдова, Украина, Ресей, Армения және Беларусь мемлекеттерінің жағдайы бізге қарағанда жақсырақ.
Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестициялар 4,3 пайызға, яғни 163,9 млрд теңгеге дейін өсті.
Салыстырар болсақ: 2020 жылдың сәйкес кезеңінде инвестиция көлемі 157,1 млрд теңгені, яғни бір жыл ішінде 33,8 пайызды құрады.