Себебі 2019 жылы қайта жөнделе бастаған Райыс каналының құрылысы әлі бітпеген
Жамбыл облысында 60-тан аса шаруа шу шығарды. Дихандар үшінші жыл қатарынан тіршілік нәрінен тарығатын болдық деп шырылдап отыр. Себебі 2019 жылы қайта жөнделе бастаған Райыс каналының құрылысы әлі бітпеген. Салдарынан егін еккен 200-ге тарта шаруа былтыр қыруар шығынға батқан, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Жамбылдық шаруалар айтып отырған канал былтыр ғана толықтай жөндеуден өткен. Алайда алғашқы ағыстың өзіне шыдамай, бетон қабырғалары сыр берген. Кейбір жері, тіпті құлап та қалыпты.
«Біз жаңа астау салынғанына қуанып едік. Бір жарым айдан соң мынау құлап қалды. Одан соң 4 күн суды тоқтатып, осылай істеп берді. Уақытша деп. Әлі жатыр», - дейді шаруа Асхат Иманов.
Бұған дейін магистральді каналдан ауылдық округтегі 3098 гектар жер суарылып келген. Соңғы бірнеше жылда оның тек жартысына ғана су жетіп тұр. Бұрын ені 4 метр болатын арнаны жаңа сызбамен екі есеге қысқартқан. Салдарынан секундына 3 текше метр ағатын су 1,8 ге дейін азайып, шаруаларға су жетпей шығынға батты.
«Мен суға бір шаруа қожалығы үшін 1 млн 300 мың төледім. Ал менің былтырғы шығарған 7-8 млн шығыннан 4-ақ млн теңгемді қайтардым ғой», - дейді шаруа Нұрғазы Омарқұлов.
Диқандар қыруар қаржы жұмсалған жоба қалай болса солай жасалған деп отыр. Тіпті, каналдың кейбір тұсын қырға қарай салып жіберген көрінеді.
Ал шатақ шыққан су арнасына тапсырыс беруші мекеме кінәнің бәрі мердігер мен жобалаушы компаниядан дейді. Сондықтан жарамсыз деп танылған 3 шақырым атызды қайта жасауға нұсқау беріпті.
«Кінәларын мойындап, мердігер мен жобалаушы екеуі келісіп, қайта жөндеп береді. Каналды қайта кеңейтеді. Ендігі жылы толығымен су өткізгіштік қабілеті болады. Осындағы 3000 га жерді сумен қамтимыз», - деді «ҚазСуШар» РМК Жамбыл облыстық филиалының басшысы Қазбек Бедебаев.
Жауаптылар жобаны аяқтау үшін қанша қаржы керек екенін кесіп айта алмады. Енді дихандарға егін көлемін қысқартудан басқа амал қалмай тұр. Бұл онсыз да шығынға батқан шаруалар үшін жығылғанға жұдырық болмақ.