Өздеріне миллиондаған сыйақы бөліп, бүкіл халықтың мойнына жүктелетін сыртқы қарыздың қомақты бөлігін қалыптастыруда
Қазақстан экономикасының 60 пайызын құрайтын, 6,5 мың заңды тұлға кіретін квазимемлекеттік сектор қоғам алдында ашық болуы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Мәжіліс отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттары сауал жолдады.
«Парламент жүйесін реформалау арқылы осы қаржы көздерін «жарыққа шығарып» және оларды халыққа қызмет еткізуге мүмкіндік бар. Квазикәсіпорындардың жарғылық капиталы мен шығындары мемлекеттік бюджеттің миллиардтаған сомасынан құралып, тұрақты толықтырылып тұрады. Алайда, олардың жұмсалуы, яғни, офистер мен көліктерді ұстау, сыйақылар мен бонустар қалай бөлінеді – барлығы қоғамға да, Парламентке де жұмбақ. Сондай-ақ, олардың қандай табыс тауып және оны қалай ұстайтындарын да ешкім білмейді. Дәл осы жерде жүйелі бұзушылық орын алып, жемқорлық тамырын жаюда және мемлекет есебінен еш шектеусіз баю көзіне айналған. Шығынға белшесінен батып жатса да, менеджерлер өздеріне миллиондаған сыйақы бөліп, бүкіл халықтың мойнына жүктелетін сыртқы қарыздың қомақты бөлігін қалыптастыруда. Сондықтан, квазимемлекеттік мекеменің бюджетін қоғам мен парламенттің қадағалауына қайтару – өте маңызды шара. Олай болмаса, Парламент пен қоғам экономикамыздың бақандай 60 пайыз табысын көре алмай отыр» - делінген депутаттық сауалда.
Бұл жерде әңгіме елдің ауызындағы «Самұрық-Қазынада» ғана емес. Бәйтерек қоры және министрліктер мен әкімшіліктердің маңайына үймелеген «СК-Фармация» қоры, «Парасат» холдингі, СПК сияқты қаптаған РГП, АҚ және ЖШС-дан аяқ алып жүру мүмкін емес екені айтылған.
«Негізінде, СПК дегеніміз – аймақтар деңгейінде құрылған сол «Самұрық-Қазына». Олар шағын орта бизнесті қолдау үшін, әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін құрылған болатын және оларға бизнес пен мемлекет қанша қаржы шығындады. Алайда, бұл құрылымнан пайда бар ма? Осыны сараптайтын кез келген сияқты. Олардың бюджеттері, шығыстары мен кірістері толығымен ашық болып, республикалық және жергілікті бюджеттерге кіргізіп, ал олардың басшылығы шығыстар мен жеткен жетістіктері туралы қоғам алдында есеп беруі тиіс», - дейді «Ақ жол» фракциясы депутаттары.
Депутаттық сауалда айтылғандай, егер құрылғанына 5-10 жыл болған мемлекеттік компания мемлекеттен әлі де қаржы сұрайтын болса, онда ол мемлекетке емес, өз қалтасына жұмыс істегені. Мұндай компанияларды жою қажет, олардың орнына өз қаражаты есебінен жұмыс істейтін және бюджетке салық төлейтін жеке кәсіпкерлікке жол беру керек.