АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 30 трлн доллардан асты

Автор: Azattyq Rýhy

2019 жылдан бері мемлекеттік қарыз 7 трлн долларға өскен

АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, елдің мемлекеттік қарызы 30 триллион доллардан асқан. Бұл туралы The New York Times басылымы жазды.

Министрліктің баяндамасындағы «жалпы мемлекеттік қарыз» деген бағанда $30,012 трлн деп көрсетілген. Қарыздың дәл бұлайша күрт өсіп кетуіне АҚШ-тың пандемиямен күресуі себеп дейді басылым өкілдері.

Қазір мемлекеттік қарыздың шарықтау шыңы деп 31,4 трлн доллар көрсетілген.

The New York Times жазуынша, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы мұндай көрсеткішке бірнеше жылдан кейін жетуі керек болған. Алайда, мемлекет пандемия салдарымен күресу үшін үлкен шығынға батқан. Атап айтқанда, қарызға алған ақшаға ел үкіметі бизнес өкілдері мен жұмыссыздарға қолдау көрсеткен.