Ақпарат және қоғамдық даму министрі имамдармен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол ел мұсылмандарын деструктивті сипаттағы түрлі көзқарастардың әсерінен қорғаудағы үлкен рөлін атап өтті

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының шақыруымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтық имамдарымен кездесті. Бұл туралы Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрлік пен ҚМДБ-ның өзара іс-қимыл жасасу мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасу болды. Діни қызметкерлер министрге өзекті сауалдарын қойды және қоғамда радикалды діни идеологияның таралуына қарсы іс-қимыл мәселелері кеңінен талқыланды.

Өз сөзінде Асқар Омаров Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдарының жастарды рухани құндылықтар мен адамгершілікке тәрбиелеуде, сондай-ақ ел мұсылмандарын деструктивті сипаттағы түрлі көзқарастардың әсерінен қорғаудағы үлкен рөлін атап өтті.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде Бас муфтиден бастап, ҚМДБ-ның өңірдегі бас имамдары халықты сабыр мен тыныштыққа шақыру бойынша табанды еңбек еткендеріңіз үшін, сіздерге өзімнің шынайы алғысымды білдіремін. Бұл — ел алдында баршамызға жүктелген жауапкершілігі жоғары іс-әрекет деп танимын», — деді министр.

Өз кезегінде, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл «Ислам – бейбітшілік пен ынтымақтастық діні» тақырыбы бойынша ақпараттық-ағартушылық жұмыстың жеті бағыты бойынша іс-қимыл бағдарламасын қабылдағанын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жаһандық трендтерге сәйкес ағартушылық қызметтегі өзара іс-қимылды арттыруға және ақпаратты таратудың тиімді әдістерін пайдалануға дайын екендіктерін білдірді.