Ақтауда шаруалар мал азығын арзандатуды сұрап облыс әкімдігіне барды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар мал азығын екі есе арзандатуды сұрап отыр

Фото ашық дереккөзден

Ақтауда бір топ шаруа мал азығын арзандатуды сұрап, облыс әкімдігіне жиналды. Биылғы қуаңшылықтан жерге шөп шықпай, жем-шөп бағасы бірден шарықтап кеткен. Сондықтан қыстан аман шығу үшін мал азығын  екі есе арзандатуды сұрады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қазір шаруалар бір келі кебекті 100-110 теңге, бір түк шөпті 1700 теңгеге, бір рулонын 18 мың теңгеге сатып алады. Қымбатшылық қысып тұр дегендер осы бағаны екі есе түсірсе деген талап қойып отыр.

Наразылық білдіргендерді облыс әкімінің орынбасары мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қабылдады. Олар шаруаларға барынша жағдай жасап жатырмыз деп ақталуда. Тіпті кебекті арзандату үшін Солтүстік Қазақстандағы ұн комбинаттарымен келіссөз жүргізіп жатқанын жеткізді.

Биыл өңірде мал шаруашылығын дамыту үшін субсидиялау мөлшері былтырғымен салыстырғанда бес есе көбейтілген. 2021 жылы Үкімет резервінен бөлініп, игерілмей қалған 664 миллион теңге шаруаларға беріледі дейді жауаптылар.

«Былтырғы жылы облыста жем-шөп сатып алуға шаруа қожалықтарына 100 млн тг астам қаражат қаралған болса, биылғы жылы жалпы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 580 миллион бөлінді. 2022 жылғы бюджет былтырғы жылмен салыстырғанда бес есе көп. Енді шаруалардың жем-шөпті арзандату мәселесі бойынша мәселе кеше министрлікке жеткізілді», - деді Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазыбек Тәшімов.