Ақтөбеде ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бұрынғы қызметкері жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікке ілінді

Автор: Azattyq Rýhy

Қаңтар оқиғасынан кейін оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалған

diapazon.kz

Ақтөбеде ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бұрынғы қызметкері Қуат Шамұратов жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Шамұратов ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Кейін жұмысын тастап, жеке кәсібін бастаған.

Туыстарының айтуынша, қаңтар оқиғасынан кейін оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 1-бөлігі ("Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру") бойынша іс қозғалған. 

Алайда майордың туыстары оған тағылған айыпқа сенбейді. Шамұратов қарт ата-анасымен, төрт бала тәрбиелеп отырған әке.

"Тәртіпсіздікке шыққандар бастамашыл топты сайлады, бірақ Қуат оның құрамына кірмеді. Наразылыққа шыққандар арасында агрессивті жастар пайда болған кезде Қуат полиция шақырған. Балам кінәлі емес екенін айтты. Кінәсін мойындату үшін аяусыз соққыға жығылған. Оны емделуге жібермей отыр. Адвокаты Тоқаевқа өтініш жазды", - деді күдіктінің әкесі, бұрынғы әскери қызметкер Болат Шамұратов.