Еліміздегі жаппай тәртіпсіздік кезінде Павлодар әкімдігіне 2 млн теңге көлемінде залал келген

Автор: Azattyq Rýhy

5 қаңтарда алаңға жиналған жүздеген адам қалалық әкімшілік ғимаратына шабуыл жасады

Павлодар облысының әкімдігі

Еліміздегі жаппай тәртіпсіздік кезінде Павлодар әкімдігіне 2 миллион теңге көлемінде залал келген. Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

5 қаңтарда алаңға жиналған жүздеген адам қалалық әкімшілік ғимаратына шабуыл жасады. Ғимараттың есік-терезесін сындырды. Артынша тәртіп сақшылары шабуылдаушыларды тоқтатты. Әкімдікке келген шығын 2 миллион теңгеден асты. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылардың, азаматтар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында қайтыс болғандар жоқ.

Облыс аумағында дүкендерді тонау, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлау, шағын және орта бизнес нысандарын жою және бүлдіру фактілері тіркелмеді.

"Барлық тергеу әрекеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде жүргізілді, ұсталғандардың барлығына білікті қорғаушылар берілді", - деп мәлімдеді аймақ полициясы.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін 435 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 324 адам әкімшілік қамауға алынды, 18 азаматқа айыппұл салынды.