Жалпы, бұл үйді қалпына келтіруге мемлекет есебінен 520 млн теңге бөлінген
Қарағанды облысындағы Жәйрем кентінде су жаңа үйдің сиқы адам шошырлық кейіпке түскен. Жұрт жаңа пәтер үш айдан кейін тұруға жарамсыз болып қалғанын айтады, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
«Нұрлы жер» бағдарламасымен берілген көпқабатты баспананың қабырғалары қақырап, сырлы кірпіштері опырылып жатыр.
85 пәтерлік үй осыдан үш ай бұрын ғана сән салтанатпен жаңа тұрғындарға үлестірілген. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар бар жанұялар араға небәрі 3 ай салып қайтадан сан соғып қаламыз деп ойламаса керек. Жаңа деп айтуға келмейтін үйдің қазіргі жайы расымен адам шошырлық.
Қабырғалары сыз тартқан көпқабатты үйдегі кейбір пәтерлер көгере бастаған. Ал кейбір тұрғындар мұнда тұрудан бас тартып, кетіп қалған көрінеді.
Жалпы, бұл үйді қалпына келтіруге мемлекет есебінен 520 млн теңге бөлінген. Тұрғын үйді қабылдап алған Қаражал қаласының әкімдігі болса, мердігерді сотқа бергеннен әріге аса алмай отыр.
«Мердігер ұйым «Дәнекер» ЖШС 18 қаңтардан бастап кемшіліктерді жоюға кіріскен. Бүгінгі таңда 6 адамнан тұратын бригада жұмыс істеп жатыр. 25 қаңтар біздің тараптан мердігер ұйымды мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану үшін облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа талап-арыз берілді, - дейді Қаражал қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сауытбаев.
Атап өткен жөн, бүгінде Қарағанды облысы бойынша жұмысына салғырт қараған 7 мердігердің ісі сотқа жіберілген. Ал далада қалудың аз-ақ алдында тұрған тұрғындарға күтуден басқа амалдары қалмай отыр.