Көпбалалы ананың айтуы бойынша, жұбайы 5 қаңтарда бейбіт шеруге қатысқан
Алматыдағы бейберекет кезінде отағасынан айырылып, қара жамылған көпбалалы ана Гүлзия Омарбаева енді далада қалуы мүмкін. Бұл туралы Azattyq Rýhy Алматы арнасына сәлтеме жасай отырып хабарлайды.
Арнаның хабарлауынша, 10 жылдай жалға алып тұрып жатқан пәтерін үй иесі босатсын деп талап етуде. Жесір әйел пәтердің ақшасын төлей алмай, 6 баласымен қайда барарын білмей дал.
Қаңтардың қанды қырғынында қаза тапқан азаматтың артында қалған әйелі де, 6 баласы да қазіргі таңда нағашыларының үйін паналай тұруға мәжбүр. Себебі олар бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген. Отағасынан айырылғаннан кейін жалға алған пәтердің ақысын төлей алмай қалған.
«Уақытында төлей алмаған кезде маған «Босатыңдар» деп айтқан. Ал мен 6 баламмен қайда барамын? Еш жерге алмайды. «Уақытында төлей алмасаңдар, босатасыңдар» деп айтқан. Осы жолы да жазыпты, ол кісі естімеген бе, білмеймін. Мен телефон көтере алмадым. Содан «Уақытында ақшаны салуың керек еді ғой, неге салмадың?» деп жазыпты. Әлі ол кісіге айтқан жоқпын, көршілер айтпаса. Көрші кісілерге «Тұрсын немесе босатсын» деп айтыпты», - дейді көпбалалы ана Гүлзия Омарбаева.
Бір қызығы, қара жамылған отбасының митингке қатысы бар деген негізбен олардан көршілері де алшақ жүргісі келеді екен. Көпбалалы ананың айтуы бойынша, жұбайы 5 қаңтарда бейбіт шеруге қатысқан. Кейіннен оны күдікті деп танып, қамауға алған. Сол жерде оның мерт болғаны белгілі болды. Күйеуінің қайтыс болғаны туралы анықтамада оның панкреатиттен көз жұмғаны жазылыпты.
«Күнделікті нанын әкеліп беріп, бірдеңе қылып күн көріп жүрген жанұялар әкесіз қалды. Сол жағынан қандай көмек беру керек екенін білмеймін. Бірақ әйелдердің жағдайы мүшкіл. Балаларын мектепке орналастыра алмай жатыр. Оған біз көмектесіп жатырмыз. Пәтер ауыстыру керек болып жатыр. Балалардың қайта-қайта мектеп ауыстырғаны да болмайды», - деді Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Басирова.
Ақмарал Басирова «Бақытты отбасы» орталығы тарапынан жесір қалған әйелдерге қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Ал Гүлзия Омарбаеваға жомарт жандар пәтер сыйлауға ниетті. Сонымен қатар, көпбалалы аналардың мәселесі қалалық әкімдікте де көтерілмек.