ШҚО-да құтқарушылар мұз үстінде қалған 15 жылқыны құтқарды

Автор: Azattyq Rýhy

Департамент қызметкерлері арқан мен жем-шөп арқылы жануарларды бір-бірлеп қауіпсіз жерге шығарды

inform.kz

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары мұз үстінде қалған 15 жылқыны алып шықты. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми хабарламаға сүйенсек, 26 қаңтар күні құтқарушыларға Ұлан ауданындағы шаруа қожалығының иесі хабарласып, көмек сұрады. Өз сөзінде ол Ертіс өзеніндегі аралда жайылып жүрген жылқыларының мұз үстінде қалып, жағаға жете алмай жатқанын жеткізді.

 «Белгілі болғандай, жылқылар ылғи да осы арал маңындағы мұздың үстіне келіп жүрген. Алайда соңғы күндері ауа райының өзгеруіне байланысты мұз жұқарып, олар жағаға шыға алмай қалған», - деді облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының бастығы Игорь Лапенлавский.

Жылқылар шұғыл түрде көмекке келіп жеткен құтқарушылардан үркіді. Департамент қызметкерлері арқан мен жем-шөп арқылы жануарларды бір-бірлеп қауіпсіз жерге шығарды. Бұл бірнеше сағатты қажет етті. Мал иесі өз кезегінде көмек көрсеткен құтқарушыларға ризашылығын білдірді.