Былтыр 117 мың жаңа автомобиль сатылды
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2021 жылдың 11 айында автокөлікті тіркеу саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3%-ға төмендеп, 710,4 мың бірлікті құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төмендеу негізінен қайталама нарықта байқалған, ал жаңа автомобильдерді сату көлемі 2021 жылдың қорытындысы бойынша 117 мың бірліктен асты, бұл 2020 жылға қарағанда 25,9%-ға артық.
Бұл ретте автокөлік сатып алу мақсатында берілген кредиттердің жалпы сомасы (оның ішінде кепілсіз) 57,5%-ға 592,2 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Осылайша, 2021 жылғы мәмілелердің жалпы санында автокөлік сатып алуға арналған кредиттердің есептік үлесі бір жылда 15%-ды құрады.
Ал жылжымайтын мүлік бойынша әрбір төртінші мәміле несиеге ресімделген. Бірінші кредиттік бюроның деректері бойынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға сәйкес, ипотекалық кредиттеу бойынша беру 1,92 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 77,7% - ға өсімді құрайды. Бұл жерде ипотекаға деген айтарлықтай сұраныстың артуына зейнетақы реформасы әсер еткен.
Осылайша, 2021 жылы ЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 2,5 трлн теңге алынған. Тұрғын үй сатып алуға осы қаражаттың 68,5%-ы, ипотеканы өтеуге – 15,3%-ы және 16,2%-ы басқа мақсаттарға жұмсалды.