Ұлыбритания қазақстандық вакцинация паспортын мойындады

Azattyq Rýhy

Вакцинацияланбаған адамдар елге келерден екі күн бұрын ПТР тестінен өтуі керек

Ұлыбритания қазақстандық вакцинация паспортын мойындады
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда вакцинация паспортын алған туристер енді Ұлыбританияда да екпе алғандар тізімінде болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы ақпарат Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтында жарияланған.

«Біз негізгі жаһандық нарықтармен қайта байланысуды жалғастырамыз. 11 ақпан күні таңғы сағат 4-тен бастап біз Қытай мен Мексиканы қоса алғанда, қосымша 16 ел мен аумақтың вакцинация сертификаттарын мойындайтын боламыз. Осылайша, жалпы тізімге әлемнің 180-нен астам елі кіреді және толық тізімді gov.uk сайтынан табуға болады», - делінген хабарламада.

Ұлыбритания мойындаған вакциналар мен вакцинация төлқұжаты тізімінде Қазақстан туралы да ақпарат бар.

«Қазақстан бұл тізімге 2022 жылдың 11 ақпанында сағат 4:00-де қосылады. Вакцинация статусы вакцинация сертификатымен расталады», - делінген дереккөзде.

Вакцинация туралы сертификатты ұлттық денсаулық сақтау органы беруі тиіс және ағылшын, француз немесе испан тілдерінде болуы керек және кем дегенде аты мен тегі, туған күні, вакцинаның бренді мен өндірушісі, әрбір доза үшін вакцинация күні, вакцина енгізілген ел болуы керек. Қазіргі уақытта Ұлыбритания сегіз вакцинаны таниды: Covaxin, Moderna, Johnson&Johnson, Novavax, Oxford/AstraZeneca, Pfizer/BioNTech, Sinopharm Beijing, Sinovac-CoronaVac.

Бұған дейін британиялық турист-блогер Алина Клаксон Қазақстаннан Англияға келген қонақтары 10 күн карантинде қалай болғаны туралы айтып берген болатын. Бұл олардың патшалық билігі мойындаған Sinopharm вакцинасымен егілгеніне қарамастан орын алып отырған жағдай. Оның айтуынша, ол уақытта Қазақстан британиялықтар «сенбейтін» елдердің тізіміне енгізілген.

«Британ үкіметінің веб-сайтында олар сенетін елдердің тізімі жазылған бөлім бар. Дөрекі айтқанда, егер сіз осы елде вакцина алсаңыз, олар оны қабылдайды. Ал егер сіздің еліңіз тізімде болмаса, олар үшін екпе алмаған болып саналасыз. Тіпті егер шын мәнінде вакцина алған болсаңыз да», - дейді Алина.

Алайда, қазір 11 ақпанда сағат 4.00-ден бастап ережелер мен тізімдер өзгеруде. Бұдан бұрын Tengritravel.kz сайты толықтай вакцинацияланған шетелдіктер Ұлыбританияға барар алдында COVID-19-ға тексерілмейтінін және келген кезде карантинге алынбайтынын хабарлаған болатын. Вакцинацияланбаған адамдар елге келерден екі күн бұрын ПТР тестінен өтуі керек.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.