«Самұрық-Қазына» қарызы 7,5 трлн теңгеден асады

Автор: Әсел Оршыбекова

Бұл шамамен 18 млрд АҚШ доллары

Фото ашық дереккөзден

Қоғамда «Самұрық-Қазына» Қорының тағдыры туралы қызу пікірталастар басталды. Қор басшылығының асығыс және күтпеген шешімдер қабылдай бастағаны байқалып отыр. Мұның соңында тиісті нәтижеге қол жеткізе алмай қалуымыз мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов төменгі палатаның жалпы отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Спикердің айтуынша, қорды жаңғыртуға қатысты жоспарлы, қадамдық жұмысқа қайта оралу қажет. Бұл ретте ол қордың өз міндетін дұрыс атқармағанын сынға алды.

«Бүгін біз «Самұрықтың» мемлекеттік бюджетке дивидендтер сомасы осы уақыт ішінде бюджеттен олардың инвестициялық жобаларына жұмсалған қаражаттан едәуір аз болғанын көреміз. Мысалы, 2019 жылы «Самұрық» бюджетке 120 млрд теңге көлемінде дивидендтер төледі. Алайда оған түскен таза пайданың сомасы 1,4 трлн теңге. Осы жылдар ішінде Үкіметтің функцияларын алмастырған Қордың құрылымы қолайсыз болды. Қор қаражаттың басым бөлігіне билік ету бойынша да, қарыздарды тарту бойынша да дербес саясат жүргізді» – деді ол.

Сондай-ақ, Аманжан Жамалов бүгінде қордағы үлесті әрбір азаматқа беру туралы ұсыныстар туралы да айтты. Депутат бұл идеяның орынды екенін алға тартып, алайда ондағы қаражатты үлестірген жағдайда әрбір қазақстандыққа небәрі 500 теңгеден тиетінін мәлімдеді. Сол себепті ол Премьер-министрге жолдаған сауалында Қордың қаражатын тиімді пайдалану үшін алдымен талдау жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысын жеткізді.

«Біріншіден, қордың бейінді және бейінді емес активтеріне кешенді аудит жүргізіп, бейінді емес компанияларды бәсекелес ортаға беру жөнінде шешім қабылдау керек. Екіншіден барлық мамандандырылған компаниялардың тиімділігін бағалау қажет. Олардың қаржылық тұрақтылықтарын тексеріп, осыдан кейін ғана қор нарығы арқылы, оның ішінде Халықтық IPO арқылы қаржыландыру туралы шешім қабылдау. Мұндай бағалау мен ашық түрде жарияланым болмаған жағдайда азаматтар қордағы үлестерді иелену кезінде өздеріне не ұсынылғанын білмеуі мүмкін. Яғни ол не табысқа кенеледі, не қарызға батады. Өйткені, «Самұрық-Қазына» қарызы 7,5 трлн теңгеден асады, бұл шамамен 18 млрд АҚШ доллары», - деді депутат.

Сондай-ақ өз сауалында Мәжіліс депутаты қордың ұйымдық құрылымын өзгерту кезінде сырттан қарыз алу мәселесіне назар аудару керектігін алға тартты. «Самұрықпен» шығарылған еурооблигациялар мен ұлттық компаниялар алған сыртқы қарыздар негізгі берешекті уақытылы қайтаруға, пайыздарды, айыппұлдар мен өсімпұлды өтеуге бағытталған.

«Егер қорды реформалау бойынша шешімдер ойластырылмаған болса, бұл кредиторларды алаңдатады. Олар кез-келген уақытта пайыздық мөлшерлемені көтере алады немесе қарызды мерзімінен бұрын өтеуді талап ете алады. Сондай-ақ, кез келген жағдайда бұл міндеттемелер бойынша мемлекет Үкімет атынан жауап беретін болады. Қордың барлық аударымдары орталықтандырылуға және кейіннен мемлекеттік міндеттерді іске асыруға бөліне отырып, республикалық бюджетке түсуі тиіс. Жобаларды іске асыруға ұлттық компаниялардың барлық тікелей аударымдарын алып тастау керек. Барлық қаражат тек республикалық бюджетке түсуі тиіс», - деді Аманжан Жамалов.