Тоқаев Еуразия орталығында бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін жұмыс істейтінін айтты
Өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, ауқымды жоспарларды табысты іске асыру мүмкін емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – ҚХР» арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған саммитте мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент жаһандық қиындықтар болған кезде мемлекеттер ШЫҰ-ның жасампаздық әлеуетін пайдалана отырып, Еуразия орталығында бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін жұмыс істейтінін алға тартты.
«Бұл тұрғыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің елеулі мүмкіндіктеріне назар аударғым келеді. Қазақстан АӨСШК тиімділігін арттыру бойынша жүйелі қадамдар жасауда. Кеңесті Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына трансформациялау біздің ағымдағы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі ұжымдық күш-жігерімізді сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берер еді. Осы бастаманы қолдағаныңыз үшін алғысымды білдіремін және осы жылдың күзінде Қазақстан астанасында өтетін АӨСШК мерейтойлық саммитіне қатысуға шақырамын», - деді Тоқаев.