Вакцинация көрсеткіші төмен өңірлер анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қаңтар айында  вакцина алған адамдардың саны 30 мыңға дейін өсті

Бүгінгі күні КВИ-ге қарсы вакцинаның 1-компонентімен 9,7 млн астам адам егілді, екінші компонентін 9 млн-нан астам адам алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният вакцинациялауға  жататын ересек халықтың 80,2%-ы немесе Қазақстан Республикасы  халқының 51%-ы бірінші компонентпен және 47,3%-ы екінші компонентпен қамтылғанын хабарлады.

«Еліміздің екі өңірінде – Маңғыстау және Қостанай облыстарында вакцинациялаумен қамту 60%-дан төмен болып отыр. Вакцинациялауға жататын контингентті – жасөспірімдерді, жүкті және жас аналарды «Pfizer» вакцинасының 1-компонентімен қамту 28,2%-ды, 2-компонентімен вакцинациялауды қамту -15,1%-ды құрады», − дейді министр.

Оның айтуынша, жалпы вакцинациялау қарқыны қараша айында 7 мың болса, ал қаңтар айында  вакцина алған адамдардың саны 30 мыңға дейін өсті.