Прокурорлар Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторын тексеру кезінде дене жарақаты бар 73 адамды анықтады
Еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қамауға алынған айыбы жоқ 96 адам уақытша ұстау изоляторларынан босатылды. Бұл туралы Бас прокуратура бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Прокурорлар Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторын тексеру кезінде дене жарақаты бар 73 адамды анықтады. Оның ішінде үшеуіне қатысты бұлтартпа шарасы өзгертілді, олар қазір бостандықта. Біздің нұсқаумен ұсталғандардың арасында оқ жарақатын алған 29 адам қалалық ауруханаға жатқызылды. Қамауға алынып, жарақат алған 41 жан тікелей изоляторда ем алуда. Қатыгездікпен қарау, сондай-ақ медициналық көмекті көрсетпеу ықтимал жағдайларын тәуелсіз тексеру мақсатында адам құқықтары жөніндегі уәкіл және басқа да адам құқығын қорғау ұйымдарына ұстау мекемелеріне кіруге рұқсат берілді», - дейді ол.
Бас прокуратура өкілінің айтуынша, прокурорлар қамауға алынғандарды күнделікті тексеруде.
«Түсіндіріп өткен жөн болар, бір қылмыстық іс бойынша бірнеше адам, яғни сыбайлас қатысушылар болуы мүмкін. Бұл деректер әлі де түпкілікті емес. Олар прокуратурамен ұстау негіздерін тексеру және сотта қамауға алу істерінің қаралу нәтижесіне байланысты. Атап айтқанда, 29 ұсталған тұлғаны сот қамауға алуға бас тартқан, олар қазір босатылды. Прокурорлар қамауға алынғандарды күнделікті тексеруде», - деді ол.