«Самұрық-Қазына» қоры бір айдан кейін жабылуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Қор Президенттің тапсырмаларын орындай алмаса басшысы Алмасадам Сәтқалиев те, қор да «келмеске» кетеді

Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент қор тиімсіз, шығыны көп екенін айтып, су жаңа бірнеше зауыт салған Өзбекстанды мысалға алды. Егер бір ай ішінде қор Президенттің тапсырмаларын орындай алмаса басшысы Алмасадам Сәтқалиев те, қор да «келмеске» кететін болды.

«Мен «Самұрық-Қазына» қорын реформалауды тапсырып қойдым. Қазір қордың құрылымы ашық емес, оған саяси маңызды адамдар басшы болып барады. Қордың сатып алу жүйесі тиімсіз, жұмысшылар өз ішінде сыйыспайды, шығынға бата жұмыс істеп отыр, ауқымды жобалар аяқсыз қалды, қордың жұмысын қамтамасыз ету үшін қыруар қаражат кетіп жатыр. Осы мәселелердің барлығы қоғам наразылығын тудырды. Сол сияқты осы уақытқа дейін мұнай-химия зауытын сала алмағанымыз да іш ашытады», - дейді Президент.

Тоқаев Қазақстан әлі күнге дейін кеңес үкіметінен қалған зауыттарды жөндеп жүргенде Өзбекстан жаңадан 2-3 зауыт салып алғанын, ондай зауыттар әрине көз қуантатынын айтты.

«Директорлар кеңесінің рөлі мен тәуелсіз директорлар тек қағаз жүзінде ғана бар. Қорды түбегейлі реформалау туралы тапсырма беремін. Сәтқалиевпен бұл туралы сөйлескенмін, реформалау тапсырмасын орындай алмаса, өзі де, онымен бірге қор да келмеске кетеді», - деді Тоқаев.