Жалпы құны − 2 млн 288 мың 713 теңге
Былтыр мемлекеттік қызметкерлерге пара есебінде 159 бірлік сыйлық ұсынылған, хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің хабарлауынша жиі берілетін сыйлықтар құрамында шоколад, кәмпит, алкоголь өнімдері, кеңсе тауарлары, ыдыс-аяқ, киім заттары, суреттер, кәдесыйлар, кітаптар және т.б. бар.
Оның ішінде Вермут Martini, «Merci» шоколады, CHUNGHWA темекісі (10 қап), Xiaomi POCO X3 ұялы телефоны, қырынуға арналған көбік, қырынудан кейінгі қолданылатын крем және дезодорант, нан-тоқаш өнімдері бар себет, Ли Куан Юдің Сингапур тарихына қатысты кітабы, «NATURAL HEALTH» ортопедиялық жастық, кеңсе креслосы, MRM-POWER моделіндегі құлақ есту аппараты, көзілдірік, сублингвальды валидол таблеткалары, «Beluga», «Glenmorangie» алкоголь өнімдері, «Climber», «Salvodore Feraganno», «larks fith Avenue» жазуы бар галстуктер және спорттық костюм мен шарф, «Mont blanc» ерлер барсеті, «Canali» ерлер костюмі, «Ағаштан жасалған Бәйтерек мүсіні» сувенир т.б.
Жоғарыда көрсетілген сыйлықтардың 43-ін орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және олардың орынбасарлары, 5-еуін аудан әкімдері, облыс және аудан әкімдерінің орынбасарларына ұсынылған.
2021 жылы комитеттің аумақтық бөлімшелеріне тапсырылған сыйлықтардың белгіленген тәртіппен бағаланған жалпы бағалау құны − 2 млн 288 мың 713 теңге. Сыйлықтардың ең көп саны (59 бірлік) комитеттің Нұр-Сұлтан қаласындағы аумақтық бөлімшесіне тапсырылды.