Мәжіліс Назарбаевтың өмір бойғы өкілеттіліктерін тоқтататын түзетулерді қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

Тиісті өзгерістер Сенатқа жолданды

Бұл туралы депутат Қанат Нұров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіндегі өмір бойғы өкілеттіліктерін тоқтату туралы өзгерістерді Сенатқа жіберді. Қанат Нұров Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасы арқылы осыны хабарлай отырып, үш заңға өзгеріс енетінін мәлім етті.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы», «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» және ҚР «Қауіпсіздік кеңесі туралы» конституициялық заңдарға тиісті өзгеріс енгізді. Яғни, енді Ассамблея мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы тұлғаға қарай емес, қызметіне қарай Президентке тиесілі болады. Тиісті өзгерістер Сенатқа жолданды», - деп жазды Қанат Нұров.

Сондай-ақ депутат, бұл жазбасында жеке пікірін де айтқан. Оның пайымынша, Қазақстан экономикадағы саяси монополияны түп-тамырымен жойып, пайдалы қазбалардың экспортына қатысты қаржы-валюталық ағындарға қатысты мәселені біржола шешу керек.

«Экономика мен саясатты бір ізге салу керек. Егер біреу ұрлаған болса, оны сот анықтайды», -дейді ол.