«Жолдар уақытша жабылады»: Алматыда әліге дейін антитеррорлық операция жүргізіліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция тұрғындарды бұл жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды

Алматы қалалық Полиция департаменті қаладағы бірнеше көшенің жабылатынын ескертті. Бұл шаралар антитеррорлық операцияның жүргізуіне байланысты деп хабарлады Департаменттің баспасөз қызметі.

Осылайша, 19 қаңтар күні Алматыдағы мына көшелер уақытша жабылады:

  • Абылай хан көшесінің бойымен Мақатаев көшесінен Бөгенбай батыр көшесіне дейін, солтүстік және оңтүстік бағытта;
  • Төле би даңғылы бойымен Желтоқсан көшесінен Назарбаев даңғылына дейін, шығыс және батыс бағытта;

«Азаматтардан уақытша шараларға түсіністікпен қарауды, қозғалыс бағытын алдын ала реттеп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз», - делінген полицейлер таратқан хабарламада.

Еске салайық, 5-7 қаңтар күндері аралығында ел аумағында, оның ішінде Алматы қаласында мыңдаған адамның қатысуымен жаппай бүлік болды. Алматының өзінде бүгінге дейін 10 мыңнан астам адам ұсталса, ел бойынша барлығы 225 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин аталған бүлікке экстремистік топтардың қатысы бар екенін мәлімдеді.