Әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірленді. Бұл туралы ҰЭМ Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау және ұйымдастыру-қаржы мәселелері бойынша 51 іс-шарадан тұрады.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша жоспарда 11 іс-шара көзделген.
«Мемлекет басшысының күш құрылымдары қызметкерлерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру және моральдық рухын қолдау, зақымдалған жылжымайтын мүлік объектілерін, сондай-ақ күш құрылымдарының, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық салаларының материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру көзделген», - деді вдеомство басшысы.
Әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан осы органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек көрсетуді, бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шараларын, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізуді қамтиды.
Сонымен қатар, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шара іске асырылмақ.
«Бұл іс-шаралар сұйытылған мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды және көмір бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қамтиды», - деді министр.
Халықты және кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 7 іс-шараны іске асыру көзделген.
«Мәселен, басталған салықтық тексерулерді, кедендік тексерулерді 2022 жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде тоқтата тұру және кейінге қалдыру, кәдеге жарату алымының мөлшерлемелері мен тәсілдерін қайта қарау, 2022 жылғы 20 сәуірге дейінгі кезеңге құрылыстарды көшіруге, орналастыруға, бұзуға байланысты атқарушылық әрекеттерді жүргізуге уақытша тыйым салуды енгізу жоспарлануда», - деді Әлібек Қуантыров.
Ал ұйымдастыру-қаржылық мәселелер бағыты бойынша 8 іс-шара жүзеге асырылады. Олар теңгеге деген сенім толық қалпына келгенше валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, батыс өңірлер үшін Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеуді немесе өзектілендіруді, жаппай тәртіпсіздіктер салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды қамтиды.
Ұсынылған жедел іс-қимыл жоспары Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, алдағы бірнеше айда мемлекеттік органдардың тиісті міндеттерді үйлестіре шешуіне бағытталған.