Kaspi.kz негізін қалаушылар «Қазақстан халқына» қорына 10 млрд теңге аударады

Автор: Azattyq Rýhy

Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзенің осы шешімі туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады

 

Фото: forbes.kz

Kaspi.kz және компанияның негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе «Қазақстан халқына» қорына 10 миллиард теңге аударады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырған болатын. Бүгін аталған қоғамдық әлеуметтік қор құрылып, оның басшылығына Болат Жәмішев тағайындалды.

«Kaspi.kz және компанияның негізгі қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе «Қазақстан халқына» қорына 10 млрд теңге аударады», - деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.

Айта кетсек, Қорға аударылған қаржы азаматтардың денсаулық, білім, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы мәселелерін шешуге бағытталады. Қордың арқасында төтенше жағдайларда және төтенше жағдай енгізілген кезде зардап шеккен халыққа көмек көрсетіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ қор сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларды емдеуге көмек көрсетеді, әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысын қаржыландырады.