Ел басына күн туғанда қарап жата алмаған дүнген диаспорасы жинаған картоп, пияздарын төтенше жағдай кезінде елге жаппай тегін таратып жатыр
«Дүнген диаспорасы қазақ халқымен бірге!» Осылай деген Қордай ауданы Сортөбе, Масаншы ауылдарындағы бір топ әйел Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тұрғындар үшін қайырымдылық акциясын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ел басына күн туғанда қарап жата алмаған дүнген диаспорасы жинаған картоп, пияздарын төтенше жағдай кезінде елге жаппай тегін таратып жатыр.
«Вынхуа» дүнген этно-мәдени бірлестігінің кәсіпкерлері, ақсақалдары, жастары қайырымдылық жұмыстарына белсене атсалысады. Жыл сайын түрлі этнос өкілдеріне 70-100 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетеміз. Мұқтаж жанұяларға үй сатып алып береміз, жаңадан баспана да салып жатырмыз. Мақсатымыз – мұқтаж жандарға азық-түлікпен, өзге де қажетті заттармен материалдық көмек көрсету. Бұған дейін Арыс, Мақтаарал, Байзақ қалаларына көмек жібердік. 2020 жылдың ақпан айындағы оқиғадан кейін бізге көмектескен аға-әпкелерімізге, еліміздің азаматтарына алғысымыз шексіз», - деді Жамбыл облысы дүнгендері «Вынхуа» этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Айша Идыбо.
Бұзақылар елді тас-талқан еткенде әскерилер мен полиця жол бойына, елді мекендерге тәулік бойы кезекшілікке шықты. Масаншы мен Сөртөбе ауылдарының тұрғындары тәртіп сақтауға шыққан жігіттердің ыстық тамағын да өз мойындарына алды.
Дүкендер жабылып, елде жаппай тәртіпсіздік басталғанда дүнген диаспорасы Алматының жұртына бұған дейін де тонналап азық-түлік жіберген еді.
«8 қаңтарда Алматыға 2,5 тонна картоп, 2,5 тонна пияз, 400 келі сәбіз жібердік. Бүгін тағы ондаған тонна картоп жібердік, қажет адамдарға өздеріңіз таратып беріңіздер. Еліміз көпұлтты, осынау қасіретті күндерде біз қазақ елімен біргеміз. Бәріміз – қазақстандықпыз. Бірлік – біздің күшіміз. Біз біргеміз. Бір-бірімізге көмектесу арқылы Қазақстан халқының бірлігін, тыныштығын сақтап қаламыз. Қазақстан халқы ассамблеясының қажет екенін және оның шынымен де жұмыс істейтіні осындай сәтте дәлелденеді. Масаншы ауылының жастары Отар және Қордай бекеттеріндегі 40 әскери мен полиция қызметкеріне 2 мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырды. Бұл біздің азаматтық борышымыз. Орын алған жағдай қазақ халқының ғана емес, бәрімізге ортақ трагедия», - деді бірлестіктің жетекшісі.
Дүнген диаспорасының кезекті рет ауыр жүк көлігімен жіберген ондаған тонна картобы Қапшағай қаласы, Заречный ауылы, Талғар, Іле ауданына қарасты елді мекендердегі мұқтаж жандарға әкімдік пен белсенді жастар арқылы таратылып жатыр. 300 мың тұрғын тұратын Іле ауданында 5 мыңға жуық көмекке мұқтаж отбасы бар. Тек Талғар ауданындағы Жалғамыс пен Еламан ауылдарының өзінде жағдайы нашар 180 отбасы тұрады.
«Еліміздегі мына қиын жағдай, сол сияқты коронавирус тұрғындарға оңай болып жатқан жоқ. Бұл жағдай көптеген азаматтың жұмыс істеуіне, табыс табуына кедергі келтірді. Міне енді, дүнген диаспорасы қазақ халқымен бірге екендіктерін көрсетіп, қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, көмек көрсетіп жатыр. Соңғы санақ бойынша Іле ауданында орташа есеппен 300 мың адам тұрады. Оның ішінде көпбалалы аналар, мүгедек жандар, жетім балалар, өзге де санатқа жататын тұрғындар аз емес. Мына көмек сол азаматтарға міндетті түрде жеткізіледі. Дүнген ұлты атынан оларға табысталады. Халқымыз осындай бірлік танытқанда ғана ел тыныш болады», - деді Алматы обылсы Іле ауданы мәслихатының депутаты Бақтияр Талғатұлы.
«Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарасты ауылдарда көмекке мұқтаж отбасылар өте көп. Қазіргі қымбатшылық кезде жағдайы нашар әрбір отбасы мөшектеп азық-түлік сатып ала алмайды. Қыстың ортасы, азық-түлік бағасы өскен тұста дүнген азаматтарының қарап жатпай, игі істі ұйымдастыруы еліміздің өзге де азаматтарына үлгі. Соңғы аласапыран оқиғаларға қатысты жан-жақтан қиындық қысқанда дүнген диаспорасының бұлайша бірлік, елдік танытуы кез келген жанға жылулық ұялатады», - деді Қайырымдылық қорының жетекшісі Ерлік Тілеубай.
Ондаған тонна картоп ауыл тұрғындарынан бөлек медреселерге де берілді. Тек бір ғана «Фазлы топлы» медресесінде 100 бала білім алып жатыр.
Еске салайық, 5-7 қаңтар аралығында Қазақстанның 11 өңірінде бүліктер болып, соңы қантөгіске ұласты. Ең ірі қақтығыс Алматыда болған. Суық қаруланған мыңдаған адам полиция мен әскерилерге күш көрсетіп, салдарынан бірнеше қызметкер қаза тапты. СОндай-ақ, бүлікшілер қалалық әкімдік ғимараты мен өзге де әлеуметтік маңызды нысандарды қиратып, өртеп кетті. Ірі сауда орталықтары тоналған. Морадерлер әрекетінен бизнеске келген шығын әлі есептеліп жатыр.