Бүлік ұйымдастырғысы келгендердің бірі өзінің қылмысын жасырмақ болған
Қостанайда жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар қамауға алынды. Олар бүлікті алдын ала жоспарлаған, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов айтты.
Оның мәлімдеуінше, облыс орталығында бүлік ұйымдастырғысы келгендердің бірі жедел шаралар жүріп жатқанын біліп, өзінің қылмысын жасырмақ болған. Алайда кенеттен тінту кезінде пәтерінен оны әшкерелейтін дәлелдер табылады. Атап айтқанда, олар — компьютер, ұялы телефондар, SIM-карталар және флэш-карталар.
Сондай-ақ күдіктіден ереуіл кезінде полицейлердің наразылық білдірушілер жағына өтіп кеткені, күш қолданбау ниеті барын мәлімдегені туралы жалған хат-хабарларды дайындайтын арнайы қосымша табылды. Ол құқық қорғау органдары атынан фейк ақпараттарды жазуға басқа мемлекеттің SIM-карталарын қолданған.
Ұсталған тұрғын Украина азаматымен тұрақты байланысып отырған. Өзінің қолға түсетінін біліп, мессенджердегі әкімшілікті Украинадағы серіктесіне, Қостанай қаласының бұрынғы тұрғынына тапсырыпты.
Тергеу іс-шараларын жүргізу барысында оның осы топты басқарып келгені дәлелденді. Топтың мыңнан астам қатысушысы болған. Онда аймақта наразылық акцияларында белсенділік танытуға шақырулар жазылған.
"Топ өткен жылдың қазан айынан бері жұмыс істейді. Бірақ қаңтар айының басына дейін ешкім белсенді болмаған. Қазір күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодектің 272-ші бабы бойынша сараланады, баптың санкциясы 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Қылмыстық әрекетті одан әрі құжаттау бойынша жедел тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді ПД басшысы.
Жедел іздестіру іс-шаралары кезінде аталған топтың Қазақстанның 8 қаласын біріктірген топтардың құрамына кіргені анықталды.