Қай облыс пен министрлікте жемқорлық оқиғасы жиі тіркелді?

Автор: Еркежан Айтказина

2021 жылдың 11 айында мемлекетке 23,5 млрд теңге залал келді

Фото ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 2021 жылы 11 айдың көрсеткіші бойынша 431 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді оның 73%-ы – сыбайлас жемқорлық фактілері, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Белгілі болғандай, 915 адам әшкереленді, олардың 163-і – түрлі дәрежедегі басшылар.

Жалпы, 2018-2021 жылдары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін 3 мыңнан астам адам сотталды, олардың ішінде 1 министр, 3 вице-министр, 8 облыс әкімі мен олардың орынбасарлары, 44 қала, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, 8-і ұлттық компания басшылары.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың негізгі бөлігі тіркелген облыстар:

  • Шығыс Қазақстан облысы – 98 оқиға;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 78 оқиға;
  • Алматы қаласы – 77 оқиға;
  • Шымкент қаласы – 71 оқиға;
  • Түркістан облысы – 69 оқиға.

Қызметшілері пара алып ұсталған министрліктердің көш басында Ауыл шаруашылығы министрлігі тұр. Былтырдың өзінде 82 оқиға тіркелген. Екінші орында Білім және ғылым министрлігі – 79 оқиға. Елдегі бармақ басты, көз қысты әрекеттер жиі кездесетін саланың бірі – тұрғын үй-коммуналдық саласы.

Былтыр ең көп ұрланған қаражат көлемі 1 млрд теңгеден асады. Оны Қаржы мониторингі агенттігі елорда әкімдігінің мердігерлік ұйымдарының мемлекеттік сатып алу жүргізу кезінде анықтаған. Бұған қоса, «Теңіз порты» кеден бекетінің «Құрық» өткізу пунктіндегі алаяқтық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 1 млрд теңгеге бағаланды. Бұл үшін осы бақылау-өткізу пунктінің жетекші маманы сотталды.

Антикордың мәліметінше, 2021 жылдың 11 айында парақорлық фактілері бойынша 744 қылмыс тіркелді. Ең ірі пара мөлшері 15 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейінгі аралықта.

«Әдетте, лауазымды тұлғалар жалпы қамқорлықты қамтамасыз еткені, Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мүдделерге қолдау көрсеткені, орындалған жұмыстардың актілеріне заңсыз қол қойғаны, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны немесе оны жеңілдеткені, мемлекеттік аудит, ревизиялар, салықтық және басқа тексерулер жүргізу кезінде бұзушылықтарды жасырғаны, сондай-ақ кадр мәселелерін шешкені үшін пара алады», - делінген агенттік хабарламасында.

Айта кетерлігі, Орал қаласындағы шенеунік пара мөлшері бойынша былтырғы антирекордқа үміткер бола алады. Онда қазан айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 134 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен қаланың құрылыс бөлімінің басшысына қатысты тергеуді бастады. Бұл ақшаға ол пандемия кезеңінде арнайы тәртіпті қолдана отырып, конкурс бойынша мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға жәрдемдесуге және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 2,2 млрд теңге болатын екі тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысы кезінде орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қоюға тиіс болды. Тергеу мүддесі үшін егжей-тегжейлер әлі ашылған жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 2021 жылдың 11 айында тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстарының салдарынан мемлекетке 23,5 млрд теңге залал келтірілген. Осы мерзім ішінде 20,2 млрд теңге өтелді. Сондай-ақ, келтірілген залалды өтеу есебінен күдіктілердің мүлкіне 614,5 млн теңге сомада тыйым салынды. Салыстырар болсақ, 2020 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша мемлекетке 60,1 млрд теңге залал келді.